• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Ғылым 10 Сәуір, 2025

Университеттік ғылымның дамуы  - қоғамның дамуы

90 рет
көрсетілді

Ғылым күніне орай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ғылымда елеулі жетістікке жеткен ғалымдарды ұлықтап, құрмет көрсетуі еліміздегі ғылым мен жоғары білімге артылып жатқан үлкен үміттің белгісі деп білеміз. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен еліміздегі ғылымға салынып жатқан инвестициялар 150% есе асып, университеттеріміздің қабырғаларында еліміздің сан-түрлі салаларына қажетті тың идеялар мен шешімдер ұсынылуда. Ең маңызды бағыттардың бірі – білім беру саласындағы ғылыми зерттеулердің сапасының артуы.

Ғылым күні еліміздің алдыңғы қатарлы педагогикалық университеттерінің бірі, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде де ерекше аталып өтуде. Соңғы жылдары QyzPU қабырғасында ғылыми ізденістердің ауқымы кеңейіп, халықаралық стандарттарға сай зерттеу экожүйесі қалыптасып келеді. Ғалымдар тың жобаларға бастамашы болып, жастарды ғылымға баулуда. Осы мерекеге орай Университет ректоры, философия докторы, Гүлмира Әмірханқызы Қанаймен арнайы сұхбат құрдық. Әңгіме барысында Университеттің ғылыми әлеуеті, жүзеге асып жатқан жобалар және Университет ғылымы мен мектеп арасындағы байланыстың дамуы туралы сөз қозғалды.

– Гүлмира Әмірханқызы, QyzPU бүгінде еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Университеттің ғылыми-зерттеу қызметінде қандай басымдықтар айқындалған?

– Біздің ғылыми-зерттеу қызметіміз университеттің 2023–2029 жылдарға арналған Даму бағдарламасына сай жүзеге асырылуда. Негізгі басымдықтар – білім берудегі зерттеулердің мектептер мен басқа да білім ордаларының ішінде болып жатқан күнделікті мәселелердің шешімін табу болып отыр. Нақтылайтын болсақ, соңғы бірнеше жылдар бойы бітіруші курс студенттеріміз дипломдық жобаларының аясында Сабақты зерттеу әдісін қолдана отырып, сынып ішінде болып жатқан нақты мәселелердің шешімдерін ұсынады. Айталық, аталмыш мәселелердің арасында балалардың оқу үлгерімінің төмен болуының себептері, жасөспірімдердің психологиялық әл-ауқаты және т.б. Яғни,  оқу мен оқыту барысындаға сан алуан сұрақтардың қамтитын зерттеу жобаларды жүргізу арқылы келешек ұстаздар өз бойларында өмір бойы білім алу мен зерттеу қабілеттерін дамытады.

Сонымен қатар, сабақты зерттеу арқылы Университетіміз мектеп мұғалімдерін де зерттеу процессіне тартады, сол арқылы ұстаздарға өздерінің сыныптарындағы нақты мәселелердің шешімдерін табу арқылы балалардың келешектегі өмірлік мүмкіндіктерін арттырады. Көп жағдайда әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар саласында жасалатын зерттеулердің нәтижелері бір мезетте нақты продукт жасауға бағытталмаса да, қоғамдағы өзекті мәселелерді жүйелі түрде талдау арқылы, олардың шешу жолдарын ұсынып, қоғамның ұзақ уақыттағы тұрақты дамуына өз үлесін қоса алады. Осы мақсатта, оқу бағдарламаларымыз толығымен жаңарып, жұмыс берушілермен біріге отырып, “Қолданбалы жасанды интеллект”,  “Білім беру саласындағы зерттеулер”, “Білім беру саласындағы көшбасшылық пен менеджмент” сияқты оқу бағдарламаларға студенттерді қабылдау үстіндеміз.

Сонымен қатар, соңғы бір оқу жылы бойы UNESCO ұйымымен біріге отырып, Маңғыстау, Атырау мен Алматы облыстарындағы ауыл мектептерінің мұғалімдерінің көшбасшылығын мен зерттеу әлеуетін дамытуға бағытталған бағдарламаны жүргіздік. Жоба асында 200 – ге жуық ауыл мектептерінің мұғалімдері өздерінің сыныбындағы мәселені зерттеу арқылы, мектептерін дамытуға бағытталған тың шешімдер ұсынып, облыстық және республикалық ғылыми-зерттеу конференцияларына қатысты.

– Қазіргі таңда университет қабырғасында қандай ғылыми жобалар жүзеге асырылып жатыр?

– Соңғы үш жылда Университетіміздің ғылыми-зерттеу зертханаларын қайта жабдықтауға мемлекет тарапынан 5,9 млрд теңге бөлініп, 47-ге жуық жаңа зертханалар мен оқу кабинеттері ашылуда. Бүгінде Университетіміз Алматы қаласында алғашқы болып химия, биология және физика бағыттарында әлемдік стандарттарға сай зерттеу құралдарын орнатып, “Пәнаралық зерттеулер орталығын” ашты. Осы күнде, профессорлық – оқытушылық құрамымыз 19 ғылыми жоба бойынша мемлекеттік грант жеңіп, іргелі және қолданбалы ғылымдар бағытында тың зерттеулер жүргізуде. Мәселен, мектеп оқушыларының психо-физиологиялық денсаулығын зерттеу, педагог кәсіби стандартының мазмұнын талдау, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған психологиялық зерттеулер және өсімдіктерге арналған биологиялық препараттар синтезіне қатысты жобалар қолға алынды. Бұл жобалардың жетекшілері – тәжірибелі ғалымдар, олардың ішінде жас зерттеушілер де бар.

– Ғылыми эко-жүйені қалыптастыру үшін Университет қандай нақты шаралар қабылдап отыр?

– Университеттің ғылыми әлеуеті ғалымдарымыздың әлеуетіне тікелей тәуелді. Көп жағдайда, университет ғылымының дамуына ең үлкен тосқауыл болатын фактор, профессор-оқытушылық құрамының сабақ жүктемелерінің көп болатындығы бәрімізге мәлім. Сол себепті, әлемнің алдыңғы қатарлы елдеріндегі қалыптасқан тәжірибені өзімізге енгіздік. Яғни, профессор-оқытушылар құрамының лауазымдарын ғылыми нәтижелеріне қарай санаттарға бөліп, ғылыми жұмыспен айдалысуда белсенділік танытып жатқан ғалымдардың сабақ беру жүктемелерін азайтып, зерттеуге көбірек уақыт бөлулері үшін қосымша үстемақылар тағайындадық. Сонымен қатар жыл сайын Университет ішкі қаржыландыру конкурсын жариялап, ғылыми жобаларды жүргізулеріне жыл сайын қомақты сома бөліп келеміз.

Осы күнде, Университетіміздің ғылыми әлеуетін арттыруға үлкен септігін тигізіп жатқан мемлекеттің қолдауы - “Болашақ” халықаралық бағдарламасының «500 ғалым» жобасы аясында шетелде тағылымдамадан 100 -ге жуық ғалымдарымыз өздерінің ғылыми-зерттеу дағдыларын арттырып, шетелдік ғалымдармен бірге мақалалар жазуда. Scopus пен Web of Science ғылыми базаларында Университет ғалымдарының жарияланымдары жылдан жылға артып 2024 жылдың өзінде 113-ке жуық ғылыми мақалалар Q1–Q2 санатындағы беделді журналдарда баспаға шықты.

– Ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты қалай дамытып жатырсыздар?

– Университет қабырғасында Коммерцияландыру бөлімі жұмыс істейді. Оның аясында биыл «Turatalk» атты қазақ тілін онлайн оқыту платформасын әзірлеуге бағытталған жоба грант жеңіп алды. Жалпы қаржыландыру көлемі – 528 млн теңгеден асады. Сонымен қатар студенттердің стартап жобаларын қолдау мақсатында жыл сайын «Стартап-Томирис» конкурсы ұйымдастырылып, студенттеріміз оқу бітірмей жатып, өздерінің бизнес жобаларын бастауға мүмкіндік алуда. Осы мақсатта Түркияның Нийде Халесдемир университетімен бірлесіп «Tech QyzPU-Nigde Hackathon» шарасын өткізілді. Осылай, ғылымды тек зертханада емес, нақты өмірде, өндіріспен ұштастыру – басты мақсатымыз.

– Жақында Университетте өндірістік практика мен дуалды оқыту мәселесі талқыланған кездесу өтті. Осы бағыттағы жұмысты да атап өтсеңіз.

– Бүгінде 250-ден астам білім беру ұйымдарымен тығыз жұмыс жасаудамыз. Үстіміздегі жылы оқу ордамыз педагогикалық кадрлар дайындаудың 3+1  моделіне көшудің алғашқы қадамын жасады. Яғни,  дуалды оқыту арқылы бітіруші курс студенттерін бір оқу жылы бойына толығымен білім беру ұйымдарында жұмыс жасап, зерттеу жүргізіп, тәжірибеге негізделген білім алуларын қамтамасыз ету. Алдағы уақытта бұл бағыттағы ынтымақтастықты кеңейтіп, білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеруді көздеп отырмыз.

– Әңгімеңізге рақмет! Ғылым жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын!